Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында коронарлық артерияларды көрсетудің заманауи жоғары технологиялық әдістерінің бірі — жасанды интеллект пайдалана отырып, Аvvigo+ жаңа буынының тамырішілік ультрадыбыстық зерттеуі (ТІУДЗ) енгізілді. Бұл озық технология дәрігерлерге коронарлық артериялардың зақымдануын дәл өлшеуге мүмкіндік беру арқылы интервенциялық коронарлық араласулардың сапасын жақсартады.
Бұл әдіс Санкт-Петербург қаласынан келген жетекші ресейлік рентгенхирург Владимир Ардеевтің қатысуымен шеберлік класс аясында енгізілді. Іс-шараға Алматы қаласы мен еліміздің өңірлерінің интервенциялық кардиологтары қатысты.
Аталған технологияны пайдалана отырып жасалатын операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) жүйесі аясында жүзеге асырылады, бұл жоғары технологиялық көмекті халық үшін қолжетімді етеді.
«Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ өз пациенттеріне медициналық көмектің жоғары сапасын ұсынуға тырысады. Рентгеноперациялық блок заманауи жабдықталған, соның арқасында рентгенбақылаумен кез-келген операция жасауға мүмкіндік бар. Дәрігерлер ең заманауи құралдар мен медициналық жабдықтарды пайдаланады. Біздің институт Қазақстандағы осы инновациялық технологияны енгізген алғашқы медициналық мекемелердің бірі болып отыр», — деп бөлісті Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Тамырішілік ультрадыбыстық стенттеуде оңтайлы дұрыс және дәл шешімдерді қамтамасыз етеді, бұл ТІУДЗ араласуларының сәттілігінің артуын және коронарлық артерия ауруы бар науқастарды емдеудің ұзақ мерзімді нәтижелерінің жақсарғанын көрсеткен соңғы клиникалық зерттеулермен расталады. Соңғы клиникалық нұсқауларға сәйкес, тамырішілік ультрадыбыстық технологиялар 1а дәлелдеу деңгейіне ауыстырылды, бұл кардиологияда әдістің маңыздылығы мен сенімділігін көрсетеді.
Avvigo + жүйесімен дәрігерлер артериялық өлшемдерді, соның ішінде тарылуды, дистальды және проксимальды аймақтарды, стент ұзындығы мен диаметрін бағалауды жылдам жүргізе алады, бұл процедуралардың тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады.
Рентгенэндоваскулярлық оперблок меңгерушісі Алексей Колесниковтың айтуынша, коронарлық артерияларды бағалаудың бұл әдісі оларға іштен қарауға мүмкіндік береді. «ТІУДЗ көмегімен біз артерияның диаметрін 0.1 мм дәлдікпен өлшеп, стеноз дәрежесін дәлірек анықтай аламыз, стент пен баллондардың қолайлы мөлшерін таңдай аламыз. ТІУДЗ қолдану стент тромбозы мен рестенозы сияқты асқыну қаупін төмендететіні дәлелденді. Диагностиканың бұл әдісінде науқастың операциядан бас тартуы болмаса, абсолютті қарсы көрсетілімдер жоқ», — деп атап өтті дәрігер.
Шеберлік класының барысында 10 операция жасалды, барлығы сәтті өтті.